СЕНІМНІҢ АЙНАСЫ

 

— Білесіз бе?
— Нені?
— Мен сенімді әйнекке, айнаға теңеймін.Сенімнің ақталмауы сынған айна сияқты.

— Меніңше, сенің пікірің дұрыс емес. Барлық адам қателеседі, қателіктің барлығын сенімнің ақталмауына, ал, сенімнің ақталмауын сынған әйнекке теңеу мүлде дұрыс емес.
— Жақсы! Солай-ақ болсын! Бірақ мен үшін сенім айна сияқты. Айнаны бір сындырып алсаң, оны қайта құрауың мүмкін. Бірақ өз бейнеңді бұрынғыдай тұнық көре алмайсың, кіршіксіз жүзің мен мөлдір көзіңе бұрынғыдай сүйсіне алмайсың. Себебі көзіңе айнаның сынықтары мен жырықтары көрінетіні сияқты, сенген адамыңа қарағанда оның сеніміңе селкеу түсіргенін көре бересің.

— Сенімді қалпына келтірудің, жүзіңді айнадан тұнық көрудің басқа жолы жоқ па?!
— Бар, бірақ ол жолды айтсам, жаныңызды ауыртып алармын-ау?
— Қалқам-ау, сен мені онсызда талай күйікке қақтадың емес пе?! Ештеңе етпес айта ғой.
— Сынық айнаны басқа бүтін айнаға ауыстыру керек.
— Эх…
— Не болды?
— Сенің тәтті сөздерің тәтті бола тұра, жүректі тілгілейді.
— Түсінбедім?!

— Тәттіні көп жесең тілің ойылып қалады ғой. Дәл сол сияқты. Сөздерің тәтті болған сайын жанымды ауыртады. Сенің ерке сөздерің мен биіктігіңе де үйреніп қалдым ғой. Десе де сенуді көп нәрсе күту деп ойламайсың ба?!

— Сіздің ше, мен сізден көп нәрсе күтемін бе?
— Жоқ, бірақ адамның бәрі қателеседі ғой.
— Мен қателесу мен сенімді ақтамауды бір деп есептемеймін.

— Жақсы, дегеніңнен қайтпайтыныңды білемін ғой. Бірақ Сеніммен қатар КЕШІРУ деген ұлылықтың барын ұмытпағайсың. Сынық айнаға қарай-қарай көзің үйреніп кетеді. Денең жараланса терің біраз уақыттан соң қалпына келеді. Қыстан соң көктем келеді. Сенімді ақтамаған адамның ішінде ӨКІНІШтің болатындығын ұмытпа. Өкініш өзекті өртеген кезде сеніміне селкеу түскен адамдай сезімді бастан кешірмесе, одан кем сезінбейді.

— Жақсы, бірақ сіз менің СЕНІМ атты Айнамды сындырып алмаңыз.
— Сындырмақ түгілі, дақ түсірмеуге тырысамын…
_________
1 жыл өткен соң:
Сенімнің сынық Айнасы, бүтін айнаға ауысып кетті…

— Мен саған Өкініш пен Кешірім деген ұғымды ұмытпашы деп едім ғой…
— Деп қана қоймай, менің пікірімнің өзгеруіне ықпал етуіңіз керек еді. Бәлкім, мен сонда ұмытпас па едім?! Мен кешіремін ғой. Бірақ сынған айнаға қашанғы қарайсың?! Бүтінге ауыстыру керек…
#oqyrman_qyz_qyzygy