Заря Жұманованың әңгімелеріндегі кейіпкерлер әлемі

Заря Жұманованың әңгімелеріндегі кейіпкерлер әлемі
Біз қарастыратын төрт әңгіме кейіпкерлерінің өзара ұқсастығы- кеңістіктегі жалғыздығы, рухани өзектестігі. Төртеуі де жалғызсыраған сәттерінде тек өнерден ғана рухани күш табады.
Жеке адамның болмыс ерекшелігін талдарда сыншы Е.Аманшаевтың:
«Адамды жай ғана тіршілік иесі ретінде қарастырудың да өзіндік гносеологиялық, танымдық маңызы бар. Өйткені ,адам жаны-жалпы адамзатқа тән қасиеттердің, қарама-қарсы күштердің, сезім арпалыстарының наным-сенімдердің тоғысар тұсы …» [1,234] деген пікірін негізге аламыз.
«Сырлы әлемге сіңген сыбызғышы» баянындағы қыздың есімі-Сыбызғышы. Әңгіме археолог жігіттің жылдар бойы суынбаған сыңар сыры ретінде желіленеді. Есірік әнсымақтардан, жеңіл-желпі әуезелерден жаны құлазыған, қайран қоңыр домбыра мен ботадай боздаған қобыз үні болмысына өзектесе өрілген кейіпкердің басындағы күйді біз де аз кешпеген сияқтымыз.
Жалғызсыраулы археолог әлгі топ арасынан қара қобдиша көтерген Сыбызғышы қызды кездестіріп,оның орта жәйлі ойларына елеңдейді. Кейінірек сахнада тұрған сәтін көріп, аңсарын толтырмаққа талпынған нәзік те мұңлы әуенін тыңдайды.Шымырлаған дыбыстар шыңыраулы тереңге түсіріп,үлпіл қаққан үпелектігімен шырқау биікке көтергенде, тыңдаушысы да, өнер иесі де бақытты еді. Оны жазушы «Әтір иісі аңқыған әппақ қол орамалына самайынан сырғанаған мөлдір моншақтарды жиып алып , күлімсірей басын иді.Өнерді жан-жүрегімен түсінетін осыншама адам барына риза сол сәттегі бақытты кейпін бояулар тілімен бейнелер қылқалам шебері емес, бар-жоғы археолог болғаныма тұңғыш рет өкінгенім-ай»- деп кейіпкерінің сезімі ауанымен аңғартады.
Сөйтсем, Сыбызғышы осынау қарадүрсін өмірімізге, мимырт тіршілікке сыңсыған сыбызғы үнімен сән бергісі келіп жүрген шынайы әуез екен. Дүниені байлықпен ғана өлшейтін, өнерді қайыршылық деп ұғатын біреумен өмірі қосақталып өтіп жатқанына шарасыз бозторғайдай шырылдаулы екен ол. Айнадай жалтыр мұзға сүйікті саз аспабын долы күшпен күйеуі сарт еткізгенде, «иесін сынық сыбызғы ұзақ жоқтады» [2,125] -дейді қаламгер. Осының өзінен –ақ Сыбызғышы ажалының алыс еместігін жан-жүйеңмен сезінесің. Ал, археолог жігіттің түсінде «сахнада тұрған Сыбызғышы қыз буалдырлана бұлдырап барып, елеске айналғандай сырлы сазға сіңіп кетеді…». Енді қайта оралмайтын қысқа қуаныштарыңды қалтқысыз қорғай алмағаныңа өкінесің. Бір кезде орақ пен балғаны жырлағандардың бірте-бірте сыбызғы мен сыбызғышыға зар бола бастағанын байқайсың. Осы зарығудың өзі нәзік те нәресте болашағымыздың қайырсыз қайғысына айналмауын тілейсің. Одан құтылудың жалғыз жолы халықтық кемел түйсігіміздіңтүйіткілсізтұтастығы, ұлттық білігіміздің берендігі ме деп ойлайсың. Жазғы таңның мөлдір шығындай нәркес тамшылар жанарыңда кеберсіп үлгермей, мейірімді мұңмен мезгілсіз межелеседі. Қабағың қар жауардай қарауыта қалыңдап,ішкі дауысың дәрменсіз дірілдейді. Жаратқан иемнің өзі жанымызға үңілуінен шығар. Мен мұны өнердегі өзекті өрлеуіміздің, рухты рәсуаламауға бет бұруымыздың, рабайсыздықтан расымен-ақ тартынғанымыздың рәсіміндей қабылдадым.
Сыбызғыны сындырған нәрсе – оралымсыздық. Күндердің күнінде дарынның алдында қауқарсыздығы әшкереленбес үшін барды ол бұл қадымға.
«Жалғыз шыбынды пәтердегі қырық шырақты әйел» әңгімесіндегі кейіпкер Толқын балалар үйінде өсіп, Тоқтарбекке күйеуге шыққанда, өзін жалғыздықтан құтылғандай сезінген. «Ұл перзент дүниеге әкелмедің»- деп айыптаған күйеуі өзге әйелмен көңіл жарастырғанын, ол бұдан жүкті екенін жеткізгенде де, әйелдік болмыспен ағыл-тегіл жыламаған. Осыған қарап, оның өмірі о бастан-ақ ар-ұятпен қоса өрілген-ау дейсің.
Түпкі бөлмеге кіріп үш күн бойы сурет сала берген. Суретшілік өнері бала кезден қалыптасқан, ішкі сезімін тек бояулар тілімен көшіретін. Жан -дүниесіндегі бұлқыныс бояулар тілімен ғана сөйлейтін. Жазушы оны аса сезімталдықпен суреттеу арқылы сезіндіреді. «Жетімдер үйінің ақ қыраулы терезесін демімен ерітіп, дөп-дөңгелек саңылауынан кешкі тынық ауада көгілдір түтіні көкке қол созған төңіректегі үйлерге, алма беттері албырай қызарып, омбы қарда шанамен алаңсыз ойнап жүрген балаларға телміре қарап тұрып, жып-жылы ана алақанын керемет аңсайтын нәп-нәзік саусағын көз жасына шылап, аяз өрнектеген әппақ әлемнен туған үйіне апаратын тұп-тура жол салудан бастаған әуесқойлығы ұлғая келе оны суретшілер үйірмесіне жетеледі»
Күйеуі есікті теуіп ашып, кіріп келгенде, қолындағы қыл қаламын оқыстан жерге түсіріп алып, керулі кенептен шошына кері шегінген Толқын: «Міне, міне… енді кішкене қалды»- дейді ерні дір-дір етіп. Жақынынан жаттық сезінген кейіпкердің күйзелісін осы көрініс арқылы қаламгер шынайы жет- -кізген «Бір кезде өліп-өшіп ғашық болған адамның қау етіп, тез жанып кеткен қағаз сезімі енді мұны жылыта алмасы ақиқат»- деп ой түйген келіншек мұң шақпайды.Суретті көрген Тоқтарбектің көз алды тұманданады. Себебі, «Қыздай қосылған қосағының қимастық сезімі де, кіршіксіз ниеті де осынау суреттен шүпілдей төгіліп тұрғаны айқын» еді.Әйел жанының тым нәзіктігі шығармада осылай биязы ашылған.
Біз оқыған кітап кейіпкерлерінің бойында жек көру, өмірдегі сәтсіздікке өзгені кіналау, жазғыру сезімдері жоқтың қасы. Олар бір-бірімен махаббат, сүйіспеншілік тілінде сөйлеседі. Шарасыздығынан налыған сәтте де жүрегіне алданыш тауып, жұбанады. Өзгені жек көрсе де жазғыра алмайтынын сезініп, жамандыққа қимайтын жүрегі қаяулы кейіпкер сізді тазалығымен ынтық-тырады. Бұл- жазушының кейіпкер болмысын сомдаудағы ерекшелігі.
«Шие ағашы көңілсіз шайқалған кеш» әңгімесінде сүйгені Еркін үйін тастап, өзгеге кетіп бара жатқан сәтте, ұлы екеуі ғана қалған Құралай күйеуі жапқан есік сықырынан нәзік тамыры үзіліп кеткендей қиналса да, жұбайын соңғы рет көргісі келіп, терезеге телміреді. Еркін де бұрыла қарайды. «Жанарлары жолығысты. Екеуінің де көз қарасында түпсіз терең сағыныш пен тап-таза қимастықтан басқа ештеңе жоқ еді. Жек көру де. Кіналау да. Тек қана шарасыздық. Зәулім ағаштардан құлдилай қалықтап, оның жолына төселіп жатқан сары ала жапырақтардан да сағыныш исі аңқиды. Ауадан да…»
Сары ала жапырақтар сағыныш ұғымына тән нәрсе. Ал, сағыныш иісінің аңқуы- тосын жәйт. Бұл- суреткерлік.
«Екіге бөлінбейтін келіншек» әңгімесінде ақын Гүлназдың елге сыймай, ақындар ордасынан- әдеби орта Алматыдан жұмыс таба алмай, жылы сөз естімей сергелдеңге түсуі, жабырқаулы сәтінде жылмия жымиғандардың өзге дініне кіріп кетуі баяндалған. Сонда күйеуі Таңатардың шыңға шыға айқайлағысы келгені:
«Ей, ағайын!.. Бүгін менің «шағын мемлекетім- қара шаңырағымды шайқалтқан бәлекет ертең тұтас еліміздің іргесін шірітпей ме? Әлде өз бағыт-бағдары беймәлім қоғамдағы бақытсыз жандармыз ба-а-а?». Мұнысы орынды күмән,шынайы қорқыныш. Әңгімеде түс көру арқылы кейіпкер өмірі ашылып отырады. Гүлназ бала кезінде тек бір-ақ түс көретін. Ауылда тұрғанда аквариум ішіндегі балық кіретін түсіне.Алматыға көшер күнгі түсінде теңізге шыққан балықтың қозғалысына қуанғанынан жылайды. Кейін өзге дінді қабылдағанда да өмірін түс туралы әңгімемен аяқтайды. Арыстан жал толқындары аспанға шапшыған, шеті мен шегі жоқ айдында барар бағытын білмей, жан-жағынан зу-зу етіп жатқан әр түрлі теңіз жәндіктеріне жалтақ-жұлтақ қарап келе жатып, жылмақай жайынның қап-қараңғы, қапас құрсағынан бір-ақ шыққан титімдей балық жәйлі түс көріп жатады. Өзге дінге енген жандардың тағдыры да соның тағдырындай екенін тұспалдайды.
«Әлем жарымжан, адамдар да мұңлы»- деп күбірледім. Кім жазған еді осыны? Ә, американдық тамаша ақын Уоллес Стивенсон екен ғой.

«Екіге бөлінбейтін келіншек» кітабының авторы Заря Жұмановаға жан-дүниесі таза, бақытсыз сәттерінде де өзгенін бақытын қызғанбайтын кейіп- керлермен шынайы болмыс иелерімен кездестіргені үшін рақмет. Оқырмандық назымыз да бар. Енді қаламгер екінші тыныс ашуға тиіс. Әйтпесе,өзін-өзі қайталауға ұрынуы ықтимал.Жалпы, жазушы ішкі дүниесіндегі өзгерістерін үнемі іздеп, қадағалап жүруге міндетті шығар. Таба қалса,онысының аты-жаңа әлем.
Өмір өзгеріп, соны мазмұндармен толығуда. Біз де басқаша ойлай бастауға міндеттіміз. Өйткені, «тар жол тайғақ кешулерден» аман өткен ұлттық рухымыз жаңа биіктерде салтанат құруда.

Оқыған бір кітабыңыз туралы ойыңызды ,пікіріңізді білдіріп жалғастыруыңызға болады. Менің бұл бастамамды қолдайды деген оймен ұстазым Салиха Дуанаеваға,әдебиетші Досбол Исламға, әдебиетші Ұлжан Жолдасоваға, шәкіртім Ақбота Бейбітбекке жолдаймын .

М. Кенжебайдың физбуг парақшасындағы жазбасы