Қаратауда қайырымды кәсіпкерлер көп

Мөлдір Кенжебайдың физбуг парақшасынан

Қаратау аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен, Шымкент қалалық «Nur Otan» партиясының қолдауымен «Шымкент – қайырымды қала» акциясы өтті. Жалпы сомасы 4 миллион теңгенің азық-түлігі, тұрмысқа қажетті заттар 70 отбасыға таратылды. «Пионер», «Дары Сайрама», «Асыл май» зауыты және жеке кәсіпкер «Маханова» жағдайы, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетті. Аудан әкімі Абзал Әліқұлов мұндай акциялардың аудан аумағында жиі өткізілетінін айтады.
– Шымкент – қайырымды қала. Бұған бүгінгі іс-шарамыз оң сипат беріп
отыр. Ауданымыздағы кәсіпкерлерге өтініш айтып едік, бір ауыз сөзге келместен келісе кетті. Осы орайда қаратаулық кәсіпкерлердің белсенділігін атап өтпеске, алғыс айтпай кетуге болмайды! Қолы ашықтың – жолы ашық, әрдайым жолдарыңыз ашық болсын! – деп Абзал Шымкентбайұлы әлеуеті әлжуаз топқа көмек қолын созған кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
«Нұрсәт-3» шағынауданындағы №59 үй, 13-пәтерде тұратын Қызайым Байғазиева да өз кезегінде осындай қайырымды шараны ұйымдастырған аудан әкімдігіне және жеке кәсіпкерлерге шексіз алғысын айтты. Әжейдің ұлы мен келіні арамызда жоқ, бірақ, олардан қалған бес перзентті жеткізіп отырған кейуана шын мәнінде көмекке мұқтаж. Осыны ескерген қаратаулықтар Қызайым апаға әрдайым қол ұшын созып тұратынға ұқсайды.
Ал Қаратау ауданы әкімі аппараты Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гүлсина Бердібекова жоғарыда аты аталған, аталмаған кәсіпкерлерді қайырымдылық акцияларына жиі қатыстыратынын мәлімдеді. «Мәселен, «Қайнарбұлақ» саяжайында өртеніп кеткен 3 үйдің шатырын жауып берді. Екі аяғынан айырылып, тағдыр тәлкегіне түскен мүмкіндігі шектеулі бір азаматтың беташарын өткізіп бердік. Аудан аумағындағы мектептерге 1 млн. теңгенің затын табыстадық. Кәсіпкерлерімізге қай кезде айтсақ та, «жоқ» деген емес», – дейді ол.
Қайырымдылық – мұқтаж жан¬дарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. Кісінің айналасындағы адамдарға танылатын тамаша қыры да қаншалықты қайырымды екендігінен байқалады. Мейірімділік – жүректен. Осы орайда Қаратау аудандық әкімдігі мен аудандағы жеке кәсіпкерлер өнегелі іс көрсетіп, азаматтық танытты.
#шымкентқайырымдықала
Қаратау Ауданы Әкімі Аппараты