Мәжілісте Жастар жылының қорытындысы сараланды

 

Биылғы «Жастар жылы» аясында еліміз бойынша жалпы шаралармен 2 миллионнан астам жас қамтылды. Бұл жоғары білім алу үшін гранттар мен стипендиялар және тегін жатақханалармен қамту. Ал арнайы шаралармен 722 мың адам немесе елдегі әрбір бесінші жас қамтылған. Бұл туралы «Жастар жылының қорытындылары мен Еріктілер жылын өткізуге дайындық туралы» Мәжілістегі «Үкімет сағатында» Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

«Жастары жылы» жастарға қолдау боларлықтай тағы қандай іс-шаралар өтіпті?

Жандос Жұмабек, тілші:

– Бүгінде Қазақстанда үш миллион сегіз жүз мыңнан астам жас бар. Бұл жалпы халық санының 21 процентін құрайды. Жалпы жастарды Мемлекеттік қолдау шараларын екіге бөлуге болады: бірі дәстүрлі бағыттар бойынша іске асырылатын жалпы шаралар, ал екіншісі Жастар жылына орайластырылған арнайы шаралар. Барлығын қосқанда биылғы жылы 3 млн жуық жас түрлі шаралармен қамтылған. Өткен жылмен салыстырғанда жастар саясатын қаржыландыру көлемі 40 есеге өскен. Бұл көрсеткіш алғаш рет ішкі жалпы өнімнің 0,5 процентін құрап отыр. Жастар жылы аясында мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын жүйелендіру үшін Үкімет Жол картасын қабылдады. Биыл Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 3 мың пәтер жалға беріледі. Алдағы 3 жылда осындай 9 мың пәтер үлестірілмек. Ал 2019-2021 жылдары «Жастар тәжірибесі» жобасына қатысушылар санын 30 мыңға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Бүгінде республика бойынша 200-ден астам еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Волонтерлік қозғалыспен 50 мыңнан астам адам қамтылған. Іс жүзінде ол қоғамның ресурстары мен жасампаз энергиясына сүйенетін Жастар бастамаларын да дамытуға бағытталатын жыл болмақ.

Дереккөз: https://24.kz/