Алматыда таэквондодан халықаралық турнир басталды

Алматыда таэквондодан республикалық ашық турнир басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жеңіс» спорт клубының жүлдесіне арналған жарысқа Өзбекстан мен Қырғыз елінің де спортшылары келіпті. Жастар мен жасөспірімдер және ересектер сайысына еліміздің ең мықты деген таэквондошылары қатысып жатыр.

Мыңнан аса үміткер екі күн бойы «Балуан Шолақ» сарайында төселген татамиде бірнеше салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Жарыстың тағы бір ерекшелігі осы жарыста топ жарған өрендер спорт шеберлігіне үміткер атанады. Сонымен қатар, ұлттық құрамаға қосылуға мүмкіндік алады.

Досымбек Пернебайұлы, «Жеңіс» спорт клубының президенті:

– Біздің мақсатымыз спортшыларымыздың деңгейін көтеріп, олимпиадаға деген өздерінің көзқарастарын жеткізетіндей соған апаратындай жолдарын жасап жатырмыз. Бұйырса бір мықты азамат Қазақстанның туын жоғары көтеріндей спортшы тәрбиелеп жатырмыз.