“Өліммен күресіп жүрген бүлдіршіндерге қолдау көрсетемін”: Отандық студент ең ерекше кәсіпті таңдап, дертке шалдыққандардың көңіл-күйін көтереді

Самат Рамазанов — онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға қолдау көрсетіп, көңілдерін көтеріп жүрген ең танымал клоун. Ұл-қыздардың ең жақын досына айналған азамат Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне неліктен бұл қызметпен айналысатынын, балалармен қалай оңай тіл табысатынын және мемлекет басшысымен не үшін кездескісі келетінін айтып берді.

Бүгінгі күні көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, демеу болған Самат Рамазанов өнерден құр алақан емес. Өнермен қарқынды айналысып, мәдениетті дамытуға мүмкіндігі болса да, ол қайырымдылықпен айналысуды басты мақсаты мен міндетіне айналдырған. Сирек кездесетін мукополисахаридоз дертіне шалдыққанымен, онкологиялық аурумен күресіп келе жатқан балаларға көмек көрсетуден шаршаған емес.

“Жаңа қызметіме кіріспей тұрып, тоғыз жыл бойы Қостанайда тамада болып жұмыс істедім, кәсіби диджей болдым. Туған қаламда өткен әртүрлі қайырымдылық шаралармен айналыстым, хорға жетекшілік еттім. Көбісі естігенде таңғалып жатады, бірақ менің хорыма он бір апа және екі-үш мектеп оқушысы кірді. Аудандарды аралап, әртүрлі шараларға қатысатынбыз. Отызға жуық отандық фильмдерге түсіп үлгердім. Актерлік өнер, қызмет, жақсы ғой. Бірақ маған балалармен жұмыс істеген қаттырақ ұнайды, — деді ол.

Рамазанов балаларға деген махаббаты үлкен сүйіспеншілікпен атқаратын қызметіне айналғанын, бұл қызметке қалай келгенін мақтанышпен айтады.

“Менің өзімнің мукополисахаридозбен ауыратын адамдар үшін ашқан қорым бар еді. Негізі, еліміздегі қорлардың бір-бірімен байланысы мықты. Эльмира Әлиевамен (Самат Рамазанов жұмыс істейтін “Help today” қорының жетекшісі — ред.) өткен жылдан бастап таныспын. Былтыр жаңа жыл жақындап қалған кезде ол кісі маған қызықты жобаның бар екенін айтты. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жатқан балаларға жақсы көңіл-күй сыйлайтын, адал еңбек ететін клоун керек екенін түсіндірді, ұсынысты бірден қабыл алдым”, — дейді отандасымыз.

Барлық бала клоунді бірдей жақсы көре бермейді, кей балалар тіпті одан қорқады. Алайда, Самат әрқайсысының тілін таба біледі.

“Балаларға кірмес бұрын: “Болады ма?” – деп рұқсат сұраймын. Содан кейін ғана кіремін. Баламен байланыс орнатып алып, оның мені жылы қабылдауға дайын екенін түсінген соң ғана жұмысымды бастаймын. Жаңа науқас түспей тұрып, қызығушылықтарын анықтап аламын. Мысалы, бізде гитарада ойнағанды жақсы көретін, сурет салғанды ұнататын, ән айтқанды жаны сүйетін балалар бар. Көбісі қазір әлеуметтік желілердегі блогерлерді көріп, солардай болуға ұмтылады. Ол мақсаттарына жету үшін де атсалысып жатырмыз”, — деді Самат Рамазанов.

Кейіпкеріміздің сөзінше, ол бала бір дертпен ауырады екен деп оны аяп, мүләйімсуді білмейді. Рамазанов үшін барлық бала бірдей бағалы. Сондықтан ол ұл-қыздарды қуанту үшін ұйымдастырылатын шараларда, концерттерге жанын салып дайындалады. Ауыр дертке шалдыққан балалардың ата-анасына да көмек, қолдау керек екенін жақсы түсінетін азамат жиындарына міндетті түрде ата-аналарды қатыстырады. Үлкен кісілер клоуннің өтінішімен балалары үшін би билеп, ән де салады.

“Бірінші маусымда қойылған концерт балалар үшін тосынсый болды. Біз бір ай дайындалып, ұл-қыздарға қандай әртістер ұнайтынын анықтадық. Олар сүйікті әншілерінің әндерін айтып, сахнаға шығуға дайындалып жүрді. Бірақ жұлдыздармен бірге өнер көрсететіндерін білмеді. Айдана Меденова оны ұнатқан қызбен ән салды, Райм мен Артур келіп, “Самая вышканы” орындап балаларды қуантты. Біз бір концертпен шектеліп қалуды көздемейміз. Әр маусымдағы мерекелерді ерекше атап өтуге тырысамыз. Қазір жаңа жылдық бағдарламаларды жасап жатырмыз”, – дейді кейіпкеріміз.

Самат Рамазановтың сөзінше, ұл-қыздардың ауруынан жазылып кетуі тек өзінің ғана емес, қор қызметкерлерімен, дәрігерлермен бірлесіп істеген жұмысының нәтижесі. Олар әр балаға сен де дертіңнен айығып кете аласың деген ұғыммен жазылып кеткен баланы салтанатпен шығарып салады екен.

“Жолың ақ болсын, ауырма деген ниетпен шығар жолға ақ мата төсеп, тілектерімізді білдіреміз. Басқа ұл-қыздар да сау баланы жылы сөздерімен шығарып салады. Шүкір, дертті жеңген балалардың саны басым. Бауыр басқан бүлдіршіннен мәңгіге қол үзіп қалатындай жағдайлар болған емес”, — дейді ол.

Самат Рамазанов президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, оған алғыс айт қысы келеді. Сонымен қатар, шаңырақ көтеріп, бала-шағалы болуды армандайды.

“Әрине, кез-келген ер адам сияқты мен де отбасылы болғым келеді. Жасым да отызға келіп қалды. Үш балам болса екен деймін. Ұл-қыз деп бөліп жармаймын. Бірақ ұлдар болғанын қалаймын”, — дейді азамат.