Б. Сағынтаев: Өмір сүру сапасын арттыру мәселелерін бірге шешетін боламыз

Алматы әкімі Б. Сағынтаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуде қарамағындағы қызметкерлерге азаматтардың ағымдағы мәселелерін жедел шешуді тапсырды.

Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен екінші рет «ашық микрофон» форматында кездесу өткізді. Алғашқысы 3 тамызда №83 гимназияда өткен болатын. Бұрындары, 1 және 28 шілде аралығындағы жұмыс сапары кезінде аудан тұрғындары өз сұрақтарын қойған еді.

Ауданның ең өзекті мәселесі – ескі үйлерді сүру, қалада шамамен мыңға жуық ескі үйлер бар, олардың тең жартысы осында. «Ескі үйлер» бағдарламасы аясында жаңа үйлер салу үшін жеке инвесторлар тартылуда.

«Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Алайда, тұрғындардың кейбіреулері ұсынылған шарттармен келіспегендіктен, ескі үйлерді сүру мәселесі ұзаққа созылуда», – деп атап өтті Б. Сағынтаев. Ол тұрғындарды аталған бағдарламаға белсенді түрде қатысуға шақырды.

Ауданда 12 мыңға жуық апатты ағаштар бар, оларды кесу мәселесі біртіндеп шешілетін болады. Жалпы, ауданда жарты миллионнан астам ағаш бар.

«Нұршашқан» ықшамауданында медпункт салу туралы қойылған сұрақ бойынша қала әкімі Б. Сағынтаев құжаттарды жедел мерзімде әзірлеуді әрі келер жылы әлеуметтік нысанды пайдалануға беруді тапсырды. Алматы әкімі бірден ауданның жүктемесі көп көшелері арқылы жаяу жүргіншілердің өтпелі жолдарына бағдаршамдар орнатуды тапсырды.

«Тұрғындарды толғандыратын ағымдағы мәселелерді шұғыл шешу қажет, ал назарды жүйелі мәселелерге аударған жөн», – деп қала әкімі Б. Сағынтаев аудан әкімі мен қалалық басқармалар мен қызметтердің басшыларына қадап тұрып айтты.

Бәрімізге белгілі, «Алматы-2050» даму стратегиясы әзірленіп, оны көпшілік талқылау үстінде. Мұндағы басты міндет – өмір сүру сапасы бойынша әлемнің үздік 100 қаласының қатарына ену.

«Осынау өскелең мақсатқа қолжеткізу және мегаполистің барлық бұрышында сапасы жағынан бірдей жолдар, жарық, сумен қамту және өркениеттің басқа да нышандары болуы үшін біз таяудағы бірнеше жылдар ішінде жол және инфрақұрылымдық мәселелерді толық шешеміз. Тиімді жұмыс жасау, бірімізді-біріміз тыңдай және ести алу үшін біз екіжаққа да пайдалы осындай кездесулер өткізудеміз. Тек бірлесіп жұмыс істегенде ғана табысқа жететін боламыз», – деп атап өтті Алматы әкімі Б. Сағынтаев.

Ол өзінің сөзінде келер жылдан бастап қала бюджетінің «Менің аулам», «Менің көшем», «Менің ауданым» атты мақсатты бағдарламалар бойынша жасалатынын айтты. Осылайша, аудандардың мәселелері толық көлемінде шешімін табатын болады.

Өзге аудандардағыдай Түрксіб ауданының тұрғындары да қоғамдық көліктің сапасына шағымданды. Хабарланғанындай, барлық бағыттарды жүз пайыз қамтамасыз ету үшін қалаға шамамен мың автобус қажет. Қазіргі кезде қаланың тасымалдаушылары ай сайын автопарктерді жаңартып, жаңа автобустарды желіге шығаруда.

«Жалпы, қоғамдық тасымалдауды ұйымдастыруда біз әлем қалаларының озық тәжірибелерін игеретін боламыз, бағыттарды тұрғындардың сұранысы бойынша жасақтаймыз, қалалықтар қай жаққа жиі баратын болса, автобустар да сол бағыттар бойынша жүретін болады», – деп атап өтті қала әкімі Б. Сағынтаев.

Мектептердегі орын тапшылығы туралы сөз қозғалғанда қала әкімі Б. Сағынтаев қалада шамамен 30 мың орынның жетіспейтінін айтты. МЖӘ аясында 13 мың орынды сегіз мектеп салу бойынша ауқымды бағдарламаның қолға алынатынын хабарлады. Ол келер жылы басталады. Бала бақшалар салу бойынша да осындай жұмыстар жүргізілетін болады.

Кездесуді қорытындылаған Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев айтылған ұсыныстар мен қойылған сұрақтардың барлығы шешімін табатынын атап өтті. Жедел сұрақтар қысқа мерзімде шешілетін болады. Ал, жүйелі сұрақтардың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу, оларды шешу әрі бюджетпен қамтамасыз ету үшін уақыт қажет.

Бүгінгі үш сағаттық кездесу барысында Түрксіб ауданының 54 тұрғыны 130-дан астам сұрақ қойды.