Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдығы аталып өтуде

Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының және «Қазақ әдебиеті» газетінің 85 жылдығы құрметіне салтанатты шара өтті.

Еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қ. Көшербаев пен Алматы әкімі Б. Сағынтаев жазушылар қауымдастығының рөлі мен маңызы туралы құттықтау сөздерін айтты.

Одақтың 820 мүшесінің 360-ы Алматыда тұрады. Қала әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша Жазушылар одағы үйіне күрделі жөндеу жүргізілетін болады. Бұдан өзге, шығармашылық қызметкерлерге қолдау көрсету және ынталандыру аясында қала әкімінің гранттары белгіленді. 500 мың көлеміндегі алғашқы 90 грант таңдаулы жас ақындарға, жазушылар мен сыншыларға берілді. Тағы 60 грант биылғы жылдың соңында тапсырылатын болады. Гранттарға үміткерлерді Қазақстан Жазушылар одағының комиссиясы анықтайды.

«Әдебиет қайраткерлері халықтың рухани мұрасын құрайтын тарихты, дәстүрді, тілді күні бүгінге дейін көздің қарашығындай сақтап келді және солай болып қала береді», – деп атап өтті Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Шара барысында мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлованың құттықтауы оқылды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұ. Есдәулет және жазушы әрі ақын О. Сүлейменов, актер, театр мен кино режиссері А. Әшімов және басқалары баяндамалар жасады.

Осы күні қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров шаһар басшысы Б. Сағынтаевтың атынан «Еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттау рәсімін өткізді. Әдебиеттің дамуына қосқан үлесі үшін жазушылар мен ақындар Жүсіпбек Қорғасбек, Мыңбай Рәш, Молдахмет Қаназ, Зайда Елгондинова, Кәдірбек Сегізбай, Серік Қирабаев, Бексұлтан Нұржекеев марапатталды.