Қаладағы мұз айдындары ретке келтірілді

Алматы әкімінің ескертулерінен кейін қаладағы тегін мұз айдындары ретке келтірілді.

Осы маусымда мегаполисте конькимен сырғанауға арналған төрт алаң жасақталды. Олардың үшеуі Тұңғыш Президент пен 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында және Наурызбай ауданы әкімдігінің алдында іске қосылды. Төртіншісі жоспар бойынша келесі аптада Түрксіб ауданындағы «MART» сауда үйінің алдындағы алаңда ашылмақ.

 

Бұған дейін мұз айдындарын аралаған қала әкімі Бақытжан Сағынтаев сырғанау алаңдарындағы мұз жамылғысының сапасына назар аударуды тапсырып, сервистік инфрақұрылымды ретке келтіру туралы бірнеше ескертулерді айтқан еді.

 

Төрт мұз айдынының жалпы ауданы шамамен 12 мың ш.м. Ең үлкені Тұңғыш Президент саябағында орналасқан. Оның ауданы – 3,8 мың ш.м., 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында – 3,4 мың ш.м., Наурызбай және Түрксіб аудандарында тиісінше 2,5 және 2,2 мың ш.м. құрайды.

 

Барлық мұз айдындарында конькиді жалға беру орындарыдемалыс орындары мен қоғамдық тамақтану орындары бар. Ауа райының температурасы Цельсий бойынша +15 градусқа дейін көтерілсе де, мұздың сапасын сақтауға мүмкіндік беретін салқындатқыш қондырғылар жұмыс істемек.

 

Жалға берудің жұмыс уақыты: сағат 10:30-дан түнгі 23-ге дейін. Таңғы 6-дан түнгі 23-ке дейін жұмыс істейтін Тұңғыш Президент саябағындағы сырғанау алаңын айтпағанда, қалған мұз айдындары тәулік бойы сырғанауға қолжетімді болмақ.

Мұз айдындары 10 наурызға дейін жұмыс істейді.