Бағдарламалар

«Серпін» жобасымен ма­мандық алудың аясы кең

«Серпін-2050» − кең ауқымды әлеуметтік жоба. Оның жүзеге аса бастағанына биыл үшінші жыл. Осы аз ған..

«Серпін-2050» − кең ауқымды әлеуметтік жоба. Оның жүзеге аса бастағанына биыл үшінші жыл. Осы аз ғана уақыт ішінде 12 мыңнан астам қыз-жігіт жастар үшін өте маңызды саналатын әлеуметтік бастаманың игілігін көрді.

Халықтың жоба туралы ой-пікірі де жақсы. Алғашында сенімсіздікпен әрі күдікпен қарағандар аз болған жоқ. Оның үстіне «Тұрмыс-тіршілікке қолайлы, ата-анасы мен туған-туыс, жора-жолдастарының жанындағы жылы-жұмсақ орынды тастап оң­түс­тіктің жастары қысы қытымыр сол­­түстік өңірлерге оқу-білім іздеп бара қо­юы екіталай» деп болжам жаса­ған­дар­дың да болғаны рас. Бірақ осындай күдік-күмәндардың барлығы уақыт өте келе сейілді.

Қазір жұрт «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы туралы жан-жақты хабардар. Осы бағдарлама арқылы балаларының білім алып, жұмысқа орналасуын қалайтын ата-аналар көп. Оған дәлел – алғашқы жылы мемлекеттік грант үшін бір орынға бес талапкер бақ сынаса, кейінгі жылы 7-ге жетті. Биыл да конкурсқа қатысушылардың қарасы қалың. Жүзден жүйрік шыққандар ғана «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша республиканың солтүстік, шығыс өңірлеріндегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім алатын болады.

Негізгі «Серпін» жобасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеу­меттік жаңғыртылуы: Жалпыға Орт­ақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағ­дарламасынан кейін бастау алған еді. Мемлекет басшысы осы мақаласында елімізді әлеуметтік-экономикалық жаң­ғыртудың маңызды жолдары мен міндеттерін көрсетіп берген болатын. Елбасы тұтынушылық қоғам түсінік-тұжырымдамасының орнына балама ретінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынды. «Елімізде жұмыс орындарын құрудамыз, жаңа өндірістер салудамыз. Сондықтан, жұмыс бар жерге бару керек», деп жол сілтеді.

Мемлекет басшысының осындай келешектің қам-қарекетін ойлаған маңызды идеялары мен бастамасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі жастар мәселесіне орай арнайы бағдарлама қабылдаған болатын. Бұл бағдарлама «Мәңгілік ел жастары − индустрияға» деп аталады. Ал осының алдында Елбасы Н.Ә.Назарбаев үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына дәнекер болып, бұл бағытта республика көлемінде ауқымды жұмыстар қолға алынып, нарықтық экономиканың талап-міндеттеріне толық жауап беретін заманауи өндіріс орындары ашыла бастаған еді. Қазақстанда шикізаттық өндірістің орнын отандық өнімдер өндіретін кәсіпорындар алмастыра бастады. Сол өндіріс орындарында қазақстандық жастардың жұмыс істеуі қажет болды. Ол үшін олардың лайықты білім алуы тиіс екендігі айдан анық. Мемлекет басшысының «Жұмыс бар жерге бару керек» деп меңзегенінің түп-төркіні осында.

Тағы бір баса айтатын мәселе – «Серпін-2050» бағдарламасы бойын­ша Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қы­зылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарының таңдап алынуы жайдан-жай емес. Бұл облыстарда бала туу көрсеткіші өте жоғары. Халық тығыз. Тұрғындар саны жылдан-жылға қарқынды өсіп келеді. Оның үстіне сырт жақтан көшіп келушілер осы облыстарға қоныстанғанды қош көреді. Міне, осындай себеп-салдарларға байланысты тұрғын үй, мектеп, балабақша және басқа да әлеуметтік нысандардың жеткіліксіздігі анық байқала бастады. Оның үстіне аталған облыстардағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына мемлекеттік грант бойынша оқуға түсу қиынның қиыны. Өйткені, талапкерлер көп, конкурс күшті. Тіпті білім ордаларын бітірген күннің өзінде жастардың көбі мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай, сенделіп бос жүреді.

Ал Қазақстанның солтүстік пен шығыс өңірлерінде жағдай бұған ке­рі­сінше. Солтүстік Қазақстан, Қоста­най, Ақ­мола, Павлодар, Шығыс Қазақ­с­тан, Қарағанды және басқа да аймақ­та­рында бала туу деңгейі тө­мен­дей бас­тады. Сонымен бірге, бұл өңір­лерден сыртқа көшу көбейді. Өн­ді­ріс орындарында мамандар тапшы болып, еңбек күші қажет екендігі айқын байқалды.

Халық тығыз орналасқан оңтүстік облыстардың тұрғындарын, әсіресе, жастарды солтүстік пен шығыс өңірлерге тарту, оларға мемлекеттік грант бойынша білім беріп, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін түбегейлі шешу – «Серпін-2050» жобасының негізгі мақсаттарының бірі.

Бұл бағдарлама бойынша жоғары оқу орындарында білім алуға бөлінген мемлекеттік гранттарды иеленген жастар шәкіртақымен, жатақханамен толық қамтамасыз етіледі, олардың ба­рып-қайту темір жол шығындары төленеді. Жастардың оқу бітірген соң қиналмай жұмыс тауып, өздерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуына толық мүмкіндігі бар. Республикадағы көптеген білім ордаларында жоғары курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету өзекті болса, «Серпін» жобасы бойынша оқуға түскен қыз-жігіттер оқуды бітіргенге дейін орын-жаймен қамтамасыз етіледі.

Ал «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша колледждерге оқуға түскен жастарға жасалатын жағдай тіпті жақ­сы. Оларға жылына екі рет жол шы­ғындары төленіп, қыстық киімдер алуға қаражат бөлінеді, күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Колледж студенттерінің білім ала жүріп, өндіріс орындарында жұмыс істеп, табыс табуына мүмкіндік бар.

«Серпін» жобасы бойынша ма­мандық алудың аясы кең. Педа­го­ги­калық, ауыл шаруашылығы мен ветеринария, техникалық, тіпті медициналық бағыттар бойынша жастардың білім алуына жол ашылып отыр.

Қазақстанның 7 облысындағы жеті жоғары оқу орны «Серпін» бағ­дар­ла­масымен студенттерді қабыл­дайды. Бұл үшін бөлінген мемлекеттік грант –
1 050. Әр жоғары оқу орнына 150 грант қарастырылған. Педагогика бойынша 19 мамандық түрі бар.

Жоғары оқу орындарының қатарында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті және басқа да жоғары оқу орындары бар. Қажеттілік болып жатса, білім ордаларында жастар орыс тілі курс­тарында білімін жетілдіре алады. Өйткені, қазақы орта мен қазақ мек­теп­терін бітірген жастар үшін алғаш­қы уақытта тілдік курстардың қажет екені байқалды. Сондықтан оқу орындары осындай мүмкіндіктерді де қарастырып келеді.

Сонымен бірге «Серпін» жобасына орай мамандар даярлап жатқан жоғары оқу орындары мен ауыл шаруашылығы және өндірістік ұжымдары арасында өзара тығыз байланыс қалыптасқан. Түлектердің оқу бітірген соң жұмысқа орналасуына толық мүмкіндік бар. Мәселен, Қостанай облысында қазіргі уақытта ауыл шаруашылығына 1 326 маман қажет. Ал осы саладағы маман­дық­тар бойынша «Серпін» жобасымен облыстың білім ордаларында оқып жатқан жастар – 585. Демек, олар үшін таңдау еркі жоғары. Бұдан басқа, Қостанай облысының өндіріс орын­дарына 2 628 инженер қажет болып отыр. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті мен Рудный индустриялық институтының ауыл шаруашылығы және техникалық мамандықтарға байланысты сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндігі толық жетеді.

«Серпін-2050» әлеуметтік жобасы шеңберінде мамандар даярлап отырған басқа да жоғары оқу орындарының да жұмыс жоспары осындай.
Ендігі бір міндет – шет мем­ле­кет­тердегі бауырларымызды «Серпін» бағд­ар­ламасы бойынша білім алуға тарту, олар­дың еліміздің теріскей өңірлеріне қо­ныстанып, еңбек етуіне мүмкіндік жасау. Мұны Дүниежүзі қазақтарының Астанада өткен V құрылтайы кезінде Ел­басы Н.Ә.Назарбаев айтқан болатын. Мемлекет басшысы Өзбекстан мен Қырғызстаннан, Түрікменстан мен Ауғанстаннан көшіп келетін ағай­ындардың көбі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыс­та­рына қо­ныстануды қалайтынын айтқан еді. Он­сыз да халқы тығыз ор­на­ласқан облыс­тардан гөрі шет жер­дегі қандастарымызды «Серпін» бағ­дар­ла­масы бойынша орналастыруды қоз­ға­ған болатын. «Бағдарламаны көшіп келген ағайындар үшін де бейімдеуіміз қажет. Оларды қоныстандыратын үйлер салып, әлеуметтік инфрақұрылым жасау керек. Қажетті мамандық алуына жәрдем беру, жұмыспен қамту үшін жол картасын жасау қажет. Осының бар­лы­ғы ұлтымыздың, еліміздің жарқын бо­лашағы үшін атқарылатын маңызды ша­ралар болмақ», − деген еді Елбасы.

Бұл мақсат та жүзеге асатын күн алыс емес. Тиісті жұмыстар қолға алынып жатыр. Ендеше, Қазақстанның солтүстігіне республиканың оңтүстік өңірлері мен шет мемлекеттерден бет түзеген қандастарымыздың қарасы қалың болғай!

Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»

«Серпін» жобасымен ма­мандық алудың аясы кең

Contacts