Қазақстан жастары «Өз еліңді таны» экспедициясына аттанды

18-22 қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының киелі жерлерін зерттеу мақсатында «Өз еліңді таны» – «Познай свою страну» атты республикалық жастар экспедициясы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында ел халқының ортақ құндылықтарын шоғырландыруға бағытталған «Қазақтану» жобасын іске асыруда.

«Мен Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келдім. Бала кезімде ағаш сатыны жерге қойып, автобус сияқты етіп ойнайтынмын. 1981 жылы шыққан әлемдік картаны алып, таңғы сағат 9:00-ден кешкі сағат 19:00-ге дейін Владивостоктан Мәскеуге дейін ойша саяхат жасап қайтатынмын. Ағаш саты – автобусқа таңертең отырып, картада алдымнан кездескен ауыл-аймақтарға «барып», елді мекен атауларын жаттап алатынмын», – деді бүгін экспедицияға арналып елордадағы Оқушылар сарайында өткен шара барысында блогер Өркен Кенжебек.

«Қазақтану» жобасының басты мақсаты – жастарды қазақ халқының құндылықтарын, әсіресе тұңғиық тарихын насихаттауға, дәріптеуге кеңінен тарту.

«Шыны керек, ол кезде әлемді аралап шығу мүмкін екені туралы ойламайтынбыз. Қолдан келгені сол – ағаш сатыға отырып алып, ойша саяхаттап келу. Міне, Алла бұйыртып, кейінгі 7 жылда әлемнің 37 мемлекетінде болдым. Бір жарым апта бұрын Португалияда, оның алдында Вьетнамға сапарладым. Енді алдағы сенбі күні Шри-Ланкаға барамын. Ол мен барған 38-мемлекет болмақ», – дейді ол.

Сондай-ақ, Өркен Кенжебек қоғамда қалыптасып қалған көптеген стеоротиптер туралы айтты.

«Неге адам саяхаттауы керек деп ойлайсыздар? Алдымен, адам өзінің кім екенін мойындауы керек. Мен жай ғана ауылдан шыққан баламын. Өзімнің надан екенімді мойындаған адаммын. Мен – ақымақпын. Менің бұл әлем туралы білімім өте аз. Маған кітап та, интернет те жеткіліксіз. Мен үшін әлемді танудың төте жолы – саяхат. Әлемді аралағанда көптеген стереотиптердің дұрыс емес екендігіне көзім жетті. Әлемдегі барлық жамандық сол елде шоғырланған болып көрінетін – Ауғанстан мен үшін – әлемдегі ең қонақжай ел. Сол сияқты Қазақстанның ішкі жағдайы туралы да айтуға болады. Сіздер әртүрлі аймақтан келіп отырсыздар. Бұл – тамаша бастама», – дейді ол.

Айта кету керек, экспедицияға Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанаттарының, «Жаңғыру жолы» РЖҚ-ның мүшелері, студенттер мен жас мамандар, моноқалалар мен ауылда тұратын жастар қатысады.

фото: instagram.com/znaystranu_kz

Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/kazakstan-zhastary-oz-elindi-tany-ekspediciyasyna-attandy_a3586637