Елордада Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жемісті ғылыми, шығармашылық, қоғамдық жұмыстарына, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктеріне дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында жыл сайын тағайындалады.
Лауреаттарға марапаттарды Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Әлімжанов пен Ольга Шишигина және басқа да көрнекті мәдениет, журналистика және өнер қайраткерлері табыстады.
«Мемлекеттің болашағы, үміті – жастар. 28 жыл ішінде Қазақстандағы жастарға қандай жақсылық, жағдай жасалғанын күнделікті өмірден, баспасөзден жақсы білесіздер. Еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы жылды «Жастар жылы» деп атауы бекерден бекер емес. Биылдың өзінде 2 млн-ға жуық жас мемлекеттің қолдауына ие болып отыр. Жол картасы бойынша 500 млрд теңге жастарға шәкіртақы, грант, жатақхана, несие беруге арналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы осы Жастар жылын ары қарай жалғастыру үшін келесі жылды «Еріктілер жылы» деп атады», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Әлеуметтік қызмет» номинациясындағы жеңімпаздарды құттықтау барысында.
«Дарын» сыйлығы 10 номинация бойынша беріледі.
«Қоғамдық қызмет» номинациясы бойынша «Қазақстан Республикасының этноспорт ассоциациясының» бас хатшысы Нұрсұлтан Ибрагимов, «Қазақстан студенттер Альянсы» Республикалық студенттер қозғалысы» ҚБ президенті Ілияс Түстікбаев жеңімпаз атанды.
«Журналистика» номинациясы бойынша марапатты бірқатар деректі документалды фильмдердің авторы Мырзабек Түсіпов, журналистер арасындағы республикалық байқаулардың жүлдегері Айбек Тасқалиев алды.
«Ғылым» номинациясы бойынша ғалым физиктер-өнертапқыштар Нұрлан Қанат және Ерасыл Ерланұлы марапатталды.
«Театр және кино» номинациясы бойынша М. Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театры актері Өтепберген Аян, Қ. Қуанышбаев қазақ музыкалық-драма театрының актрисасы Алтынгүл Ерболқызы марапатталды.
«Спорт» номинациясы бойынша Төрт құрлық чемпионатының күміс жүлдегері, мәнерлеп сырғанаудан 2019-қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева, Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2017, 2019), Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2017, 2019), Қазақстан Республикасы құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев марапатталды.
«Классикалық музыка» номинациясы бойынша түрлі музыкалық байқаулардың бірнеше мәрте лауреаттары, композиторлар Данара Мұсахан және Әзімбек Қалдыбекұлы Жамбаев марапатталды.
«Халық шығармашылығы» номинациясы бойынша айтыскер Сұлтанхан Мейірбек, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының әртісі, дирижері Жарас Сатыбалдиев марапатталды.
«Әдебиет» номинациясы бойынша өлеңдері түрік, әзірбайжан, испан және басқа тілдерге аударылған ақын – Жадыра Байбұланова, поэзия конкурстарының жеңімпазы, бірқатар кітаптарды қазақ тіліне аударушы автор Бекзат Смағұлов марапатталды.
«Дизайн және бейнелеу өнері» номинациясы бойынша бас дизайнер, «ЖҮЗБАЙ ДИЗАЙН» директоры, Қазақ сән қауымдастығыны президенті Айжан Жүзбай, мүсінші скульптор Мүсіреп Сырым марапатталды.
«Эстрада» номинациясы бойынша «Славян базар – 2019» халықаралық фестивалінің Гран-при иегері Әділхан Макин, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисті, конферансье Марат Төреханұлы Әйтімбай марапатталды.
Сыйлыққа 29 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматтары халықаралық және республикалық байқаулардың, фестивальдар мен көрмелердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сонымен қатар қызметі инновациялы, тиісті саланың және тұтас қоғамның дамуына ықпал ететін азаматтар үміткер бола алады.
2017 жылдан бастап Қоғамдық даму министрліктің бастамасымен сыйлық жыл сайын беріледі. 2018 жылы сыйлық көлемін үш есеге ұлғайту мәселесі шешіліп, әр номинация бойынша сыйлық көлемі 600 мың теңге болды.
Айта кетейік, үміткерлердің өтінімдері 2019 жылғы 16 мамырдан 10 тамызға дейін қабылданды. Өтінімдерді конкурстық комиссия қарады. Комиссия құрамына белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері кірген.