Алматыда балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін конкимен сырғанауға үйретеді

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 20 желтоқсаннан бастап балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін қаланың әлеуметтік мұз айдындарында сырғанауды тегін үйрететін акция басталды. Аталған шараның мақсаты – өскелең жас ұрпақты спортқа тарту және салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 10-нан 15 жасқа дейінгі балаларды нұсқаушылар конькимен сырғанауға үйретеді. Сырғанау кезінде шәй ішу үшін үзіліс болады. Балаларға Жаңа жылдық сыйлық та қарастырылған.

Мұз айдындары жұмыстарын тоқтатқанша акцияны жалғастыру жоспарланған. Барлығы 80-нен астам бала конькимен сырғанауға үйренеді.

Еске салсақ, қалада биылғы маусымда конькимен сырғанау үшін 4 алаң ұйымдастырылған. Олардың үшеуі Тұңғыш Президент паркінде, 28 гвардияшыл-панфиловшылар паркінде және Наурызбай ауданы әкімдігінің алдында, төртіншісі – Түрксіб ауданындағы MART сауда орталығының алдындағы алаңда.

Барлық мұз айдындарында конькиді жалға беру нүктесі, демалатын және қоғамдық тамақтанатын орындар ұйымдастырылған және Тұңғыш Президент паркіндегі мұз айдынынан басқасында тәулік бойына сырғанауға болады. Ал аталған паркте сырғанау уақыты таңғы сағат 6.00-ден түнгі 23.00-ге дейін. Мұз айдындары 10 наурызға дейін ашық болады.